ҚазҰУ-да «5В060800-Экология» мамандығы бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының халықаралық семинары өтті.
11-15 маусым 2018 ж. әл-Фараби атындағы кітапханада ағылшын тілінде «5В060800 – Ecology» мамандығы бойынша Білім беру бағдарламасын құрастыру жиналысы болып, халықаралық семинар сәтті өтті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің грантына тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының оқытушылары ие болды. Негізгі оқу бағдарламасын, мамандық паспортын құрастыру және болашақ түлектердің құзіреттілік жобасын арттыру бойынша ұйымдастырылған шараға шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, экология саласына қызығушылық танытқын қазақстандық және мүдделі тараптар сонымен қатар, ұйымдар мен салалық кәсіпорын өкілдері қатысты.
Білім беру бағдарламасының үйлестірушісі Тамара Тәжібаева шетелдік әріптестермен тікелей онлайн байланысқа шығып, оқу бағдарламасын міндетті пәндермен толтыру бойынша пікір алмасты. Жұмыс тобында басқа да әлемдік белді университеттердің өкілдері байланыс орнатып, бакалавр-экологтарды дайындау бойынша мүмкіншіліктерді кеңейту мәселелерін талқыланды.
Шара аясында «Мұнай және Газ» Ұлттық инженерлік академиясының ғылыми-инженерлік орталығының директоры Н.К. Надиров, Экологиялық мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу институтының өкілі А.Скакова, полимерлі материалдар мен технологиялар институтының директоры С.Е. Құдайбергенов, «Теңіз биологиясы» ЖШС директоры, «Ғылым және аквамәдениет бойынша Қазақстан балық шаруашылығы» Республикалық басқарма бірлестігінің төраға орынбасары С.Темірханов және «KazWaste» қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық қауымдастығының директор міндетін атқарушы В.Мустафиналар болашақ экологиялық мамандардың құзыреттілігін қалыптастыру бойынша талаптарды тұжырымдады.